Жаз мезгілінде әлсіздікке бой алдырып, жалқаулыққа дес беріп қоямыз. Алайда, уақыт біздің жалқаулығымызды күтпейді... "Дұшпанымызды" жеңудің жолын қарастырайық!
"Жалқаулықты қалай жеңемін?"
1. Өзіңізді «әлсізбін» деп сендірмеңіз. Өйткені, адам өзінің сенген нәрсесінің құлына айналады. Керісінше: «Жоқ. Мен шаршап тұрған жоқпын. Мен әлсіздерден болуға тиісті емеспін» деген секілді сергектік сыйлайтын ойларға санаңызды жеңдіріңіз!
2. Жалқаулық – жұқпалы дерт. Егер адамның досы жалқау болса, ол міндетті түрде оған жұғады екен. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кісі досының дінінде» деген сөзді текке айтпаған. Сол себепті, дос таңдауда ерекше мұқияттылық таныту керек.
3. Жалқаулық пен шаршаңқылыққа ұрынған адам әуелі таң намазына тұруы керек. Себебі Алла Тағала Құдси хадисте: «Ей, Адам ұрпағы! Мен үшін күннің басында төрт рәкағат намаз оқы, Мен сені күннің қалған бөлігінде (зұлымдықтан,бәле-жаладан ...) қорғаймын!» деген.
4. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):«Я, Алла! Менің қауымыма таңертеңгі уақытта береке бер!» деп дұға жасаған. Сондықтан жалқаулықпен күрескісі келген адам – таң намазынан кейін ұйықтамауы шарт екен. Анығында, осы уақыт аралығындағы ұйқы адамды босаңдыққа, бейжайлылыққа апаратын ауру сияқты. Ал егер ұйықтау қажет болса, күн шыққаннан кейін ұйықтағаның абзалырақ.
5. Таңғы уақыттағы сергектік пен белсенділік адамға ерекше күш береді. Содан болса керек дана халқымыз "Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық" деген.
6. Ең негізгі кеңестердің бірі – жалқаулық дертінен айырылу үшін адам хадисте келген «Я, Алла! Әлсіздіктен, жалқаулықтан Өзіңе сыйынамын!» деген дұғаны жиі қайталауы керек.
7. «Ақылсыз адам жетім» деп Жанқұтты шешен айтпақшы, өзіңізді-өзіңіз жетімдік күйге салмаңыз! Өзіңізді қолға алып, амалдарыңызды ақылмен таразылап, арыңыз алдында есеп беріңіз. Ертеңгі баратын жеріңіз туралы ойланыңыз! Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Нағыз ақылды – әрдайым өз-өзін есепке тартып, ізгі амалдар жасап, өлімнен кейінгі өмірге қамданған адам. Ал, нағыз бейшара – нәпсі қалауына еріп жүріп, Аллаға тілектерін айтатын адам (о дүниеде ізілермен болармын деп) Алланың мейірімінен үміт еткен адам)» деген. (Тирмизи, ибн Мәжәһ, Ахмад).
8. Тамақты мөлшерден тыс көп жеуден сақтаныңыз. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Адам баласы асқазаннан жаман ыдыс толтырған емес» деген. Адам тамақты неғұрлым көп жесе, жалқаулық та соғұрлым желкесінен баса түседі. Тамақты көп жесеңіз, сіз оны көтересіз, аз жесеңіз, ол сізді көтеретінін ұмытпаңыз!
9. Біреуді жұмсауды әдетке айналдырмаңыз! Сахабалар ат үстінде отырып, қамшысын түсіріп алса да оны көтеріп беруін ешкімнен сұрамайтын болған. (Муслим).
10. Бүгінгі істі ертеңге қалдырмаңыз! Әр күннің өз ісі бар. «Еріншектің ертеңі бітпейді» демекші, еріншекке бүгіннен ертең оңай көрініп тұрады. Ал, өз уақытында жасалмаған жұмыс көбейе келе, еңсеңізді басып, уайымыңызды, шаршаңқылығыңызды одан әрі күшейтеді.
11. Қолыңыз босай қалса, басқа бір пайдалы іспен шұғылдануға ден қойғаныңыз абзал. Себебі, адамның қабілеті мидың жұмыс істетуімен, бойдағы қанның жүрісі тән қозғалысымен жақсара түседі де санаңызда, бойыңызда тағы жұмыс істеуге деген белсенділік артады. Алла Тағала: «Босай қалсаң және тырыс, Раббыңа ғана бел байла», («Шарх» сүресі, 7-8-аяттар) деп бұйырған. Себебі, пенденің өз ойларымен, жұмыссыздықта қалып қоюы, нәпсі мен шайтанның жетегінде кетуге итермелеп, оны опатқа ұшыратуы мүмкін. Сондықтан да Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Я, Алла! Мені, өзіммен-өзімді қас-қағым сәтке де қалдырма!..» (Әбу Дауд, Ахмад) деп дұға қылуды үйреткен.
12. Пайдалы кітаптан қол үзбеуге тырысыңыз. Немесе үн таспаларға жазылған уағыздар не сахабалардың өмірін тыңдаңыз. Себебі ілім иманды күшейтеді, тақуалыққа бастайды, ықыласты оятады, зейініңізді ашады. Ғұламалар: «Ислам ілімсіз өмір сүре алмайды» деген.